Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің
«Орталық мемлекеттік архив»
Республикалық мемлекеттік мекемесі
Қаз | Рус
facebook instagram
НегізгіҚызмет көрсетуИнтернет-қабылдауЫнтымақтастықАрхив тарихыМемлекеттік рәміздер
Жаңалықтар
Барлығын көрсету
03-09-2026
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің ұжымы Арман Оразбайұлы Қырықбаевты Қазақстан...

03-09-2026
АИДА ҒАЛЫМҚЫЗЫ БАЛАЕВА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің ұжымы Аида Ғалымқызы Балаеваны Қазақстан...

27-08-2026
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІНІҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУІ
Бүгін, 27 тамыз күні Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет және...

Онлайн көрмесі
Барлығын көрсету



Мемлекеттік рәміздер
Барлығын көрсету
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Онлайн көрмесі
 
Тілеуқажы Шойынбаев 1911 жылы 5 мамырда Семей облысы, Шұбартау ауданының 10-шы ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келген. Тілеуқажы Шойынбаев 9 жасында ата-анасынан жетім қалып, үлкен ағасы Жақанбайдың тәрбиесінде болады. 1923-1926 жылдары Шұбартау ауданының 13-ші ауылында ашылған балалар үйінде оқып тәрбиеленген.
Тілеуқажы Шойынбаев: 1926-1931 жылдары Семей педагогикалық техникумын, 1937-1939 жылдары Алматы мұғалімдер институтын; 1939-1946 жылдары қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін ойдағыдай бітірген.
1946-1966 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтында қызмет атқарған. 1966 жылдан өмірінің соңына уақытына дейін (1987 жылдың тамыз айынан зейнеткер) Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының Қазақ ССР тарихы және методикасы кафедрасының доценті (1966-1984), профессоры (1985) қызметін атқарған. Тілеуқажы Шойынбаев жалпы саны 100-ден астам ғылыми еңбек-кітаптар мен кітапшалардың, мақалалардың авторы. Оның ғылыми еңбектерінің көпшілігі қазақ халқының XVIІ-XІX-шы ғасырдағы тарихына, орыс мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарына, ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихына, қазақтың ұлы ғалым- ағартушыларының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған. Мысалы, «Восстание Сыр-Дарьинских казахов» (1949), «Ыбырай Алтынсарин-ағартушы-педагог» (1955), «Великое событие в истории казахского народа» (1957) атты еңбектерімен қатар, Тілеуқажы Шойынбаев қазақтың ғұлама ғалымы, ағартушы демократ Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын зерттеп, оның бес томдық шығармалар жинағын құрастырушылардың бірі болған. Тілеуқажы Шойынбаевтың тарих ғылымына сіңірген еңбегін бағалап, оны «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1946), Қазақ ССР Жоғарғы Советінің және СССР Ғылым Академиясы Президиумының құрмет грамоталарымен (1957), Алматы қаласы Фрунзе ауданының жұртшылығы арасында саяси-көпшілік жұмысына белсенді араласқаны үшін Құрмет дипломымен (1970) т.б. марапаттармен марапатталған.
Тілеуқажы Шойынбаев 1999 жылы 10 қазанда 88 жасында қайтыс болған.
Тілеуқажы Шойынбаевтың жеке қорының құжаттарын Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне 2001 жылы зайыбы Шойынбаева Тамара Халдарбекованың өтініші бойынша қабылданып, осы өткізілген құжаттар негізінде қор құжаттарының 1-ші тізімдемесі жасалынған. Ғылыми тұрғыда ретке келтіріліп құжат саны 535, олар 1927-1999 жылдар аралығын қамтиды.
 
Сералы Қожамқұлов – көрнекті қазақ актері, Қазақстанның кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, театр және кино актері, Қазақ КСР-нің Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының және үшінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері.
Сералы Қожамқұлов 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысының Қарабалық ауданында ауқатты малшы Қожамқұл Жармұхановтың отбасында дүниеге келген. Отбасында Сералыдан бөлек алты ұл мен үш қыз болған. 1907 жылы әкесі қайтыс болып, кішкентай Сералы ересектерге шаруашылыққа көмектесіп, мал бағады.
Ол өте зерек әрі білуге құштар бала болып өседі. Қариялардың аңыз-әңгімелерін ықыласпен тыңдап, кейін естігендерін қимыл-қозғалыс пен мимика арқылы замандастарына әсерлі етіп жеткізіп беретін. Сералының арманы оқу үйрену болғанымен, ауылда мектеп болмаған еді.
1913 жылы ағаларының қарсылығына қарамастан, өз бетімен Орынбор облысындағы Троицк қаласына туысы Жүсіптің қасына барады. Жүсіп оны татар мектебіне оқуға береді. Жазғы айларда Серке үйіне қайтпай, оқуын жалғастырады. Ол кезде Троицкіде көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейтін, оған Жүсіп белсене араласатын. Бұл әуестік Серкеге де жұғады. Ол Жүсіптің рөлдерін жаттауға көмектесіп, суфлерлік жасап, орындау шеберлігі туралы өз ойын айтып отыратын.
Қазан төңкерісінің жеңісі Қазақстанды да дүр сілкіндірді. Қожамқұлов бұл оқиғадан шет қалған жоқ. 1919 жылы Қостанай қаласына барып, Ә. Жангелдиннің қызыл гвардиялық отрядына өз еркімен жазылады.
1919-1920 жылдары жергілікті Халық ағарту бөлімдері жанынан әуесқой актерлердің жартылай кәсіби труппалары құрыла бастады. Маман тапшылығына байланысты Халық ағарту бөлімі Жангелдин отрядынан қабілетті жауынгерлерді бөлуді сұрайды. Осылайша бірнеше адам, оның ішінде Сералы да Қостанай труппасына жіберіледі. Спектакльдерде ескі ауылдың қалдықтары әшкереленіп, әйел теңдігі үшін үгіт-насихат жүргізілді. Қожамқұлов былай деп еске алатын: «Біз, жауынгерлер, қолымыздан мылтықты тастамадық, бірақ бос уақытымызда шалдарға, бақсыларға, жігіттерге, тіпті әйелдерге айналып, сахна төрінен Кеңес өкіметі үшін үгіт жүргізетінбіз». 1920 жылы отряд Торғай қаласына ауыстырылып, жауынгерлер сол жерде де драма үйірмесін ұйымдастырады.
1920 жылдың тамызында Қожамқұлов Орынбордағы Татар педагогикалық институтына түседі, бірақ денсаулығына байланысты демалыс алып, оқуын кейін жалғастырмақ болады. Алайда 1923 жылы округтік сот оны Қостанай облысына сот тергеушісі етіп тағайындайды.
1925 жылы қазанда Қызылорда қаласында Қазақ драма театрының құрылуына байланысты Облыстық халық ағарту бөлімі оны артист ретінде шақырады. Ол театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі болды. Содан бері Сералы Қожамқұловтың шығармашылық өмірбаяны осы ұжыммен – қазіргі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен тығыз байланысты.
Театрдың алғашқы жылдарында режиссерлер актерлер ортасынан шықты: Ж. Шанин, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков. Алғашқы репертуарды жасауға М. Әуезов, С. Сейфуллин, Б. Майлин сынды жазушылар атсалысты.
Сералы Қожамқұлов сахналық шығармашылығында өмір шындығы мен халықтық қасиеттен ажырамады. Тіл мен фольклорды, халық салты мен ұлттық тұрмысты терең білетін ол образдағы жасандылықты бірден сезіп, актерді дұрыс бағытқа сала білетін. Қожамқұлов К.С. Станиславский мен В.И. Немирович-Данченконың еңбектерін, ұлы артистердің мемуарларын зерттеді.
Алғашқы кезеңде Кеңес өкіметінің орнауын бейнелейтін «Қызыл сұңқарлар» (Сейфуллин), «Зарлық» (Оспанов пен Өтеулин), сондай-ақ қазақ халқының төңкеріске дейінгі тұрмысын көрсететін «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал» (Әуезов), «Неке қияр», «Қу молла» (Майлин), «Малқамбай» (Ерданаев), «Торсықбай», «Айдарбек», «Арқалық батыр» (Шанин) қойылымдары сахналанды.
1936 жылы Қожамқұловқа «Қазақ КСР-нің Халық әртісі» атағы берілді.
60 жылдық сахналық қызметінде Сералы Қожамқұлов ұмытылмас образдар галереясын сомдады: М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еспембет, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Қоңқай, У. Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Слай мен Педант, Н.В. Гогольдің «Үйленуіндегі» Яичница, А.М. Горькийдің «Шыңырау түбіндегі» Лука, М. Әуезовтің «Қобыландысындағы» Көбікті және т.б.
Сералы Қожамқұлов – қазақ киноөнерінің алтын қорына енген жиырмадан астам фильмде ойнаған тамаша киноактер. Олардың қатарында «Амангелді» фильміндегі Бекет, «Райхандағы» жылқышы Кеке, «Абай әндеріндегі» Баймағамбет, «Алтын мүйіздегі» шопан Әділбек бар.
1952 жылы «Абай» спектакліндегі Майбасар бейнесі үшін С. Қожамқұловқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал 1970 жылы «Ленин 1918 жылы» спектакліндегі питерлік жұмысшы Коробовтың рөлі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Театр өнерін дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, екі мәрте Ленин орденімен, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
Сералы Қожамқұлов – қазақ мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының негізін салушылардың бірі және қазақ классиктері мен әлемдік драматургия туындыларындағы рөлдердің шебер орындаушысы. Сералы Қожамқұлов өнерсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады.
 
Сәбит Қайырұлы Жаданов 1931 жылы 5 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген.
1948 жылы Фурманов (қазіргі Казталов ауданы) ауылындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Мәскеу мемлекеттік экономика институтының «Өнеркәсіп экономикасы» факультетіне оқуға түседі. Оны 1953 жылы тәмамдайды. Оқуды аяқтаған соң, Қазақ КСР Ғылым академиясының сұранысы бойынша Алматы қаласындағы Экономика институтының аспирантурасына жолдама алады. Түсу емтихандарын сәтті тапсырып, аспирантураға қабылданғаннан кейін Мәскеуге қайта оралып, КСРО Машина жасау министрлігінің жолдамасымен Ресей Федерациясының Орёл облысы, Ливны қаласындағы «Ливгидромаш» зауытына жұмысқа орналасады. Сәбит Қайырұлының еңбек жолы осы жерден басталған.
1957 жылдың көктемінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Д.А. Қонаевтың шақыруымен Алматыға ауысып, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің (Госплан) орталық аппаратына жұмысқа қабылданады. Алайда 1958 жылдың қаңтарында комсомол жұмысына жіберіліп, кейін Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1959 жылы Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы және Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті бюросының мүшесі болып сайланды.
1961 жылы Алматы «Эмальпосуда» зауытының директоры болып тағайындалып, онда 1963 жылдың соңына дейін қызмет етеді. Кейін республиканың Мемлекеттік жоспарлау комитетіне қайта оралады. Бес жыл ішінде мамандығы бойынша аға инженер-экономисттен халық шаруашылығы жоспарының жиынтық бөлімі бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өтті.
1968 жылдың тамыз айынан бастап Сәбит Қайырұлының мансабында жаңа белес басталады, ол Мәскеудегі КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Тұрақты өкілінің орынбасары қызметіне жіберіледі. Сол кезеңдегі жүйеде одақтық республикалардың Тұрақты өкілдіктері мемлекеттік басқарудың маңызды буыны болды. Олар Одақ үкіметі мен республикалар арасындағы жедел байланысты қамтамасыз етіп, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттер елшіліктерінің бастауы іспетті қызмет атқарды. Мәскеуде 11 жыл бойы Тұрақты өкілдің орынбасары, содан кейін 8 жыл бойы Қазақстанның Мәскеудегі Тұрақты өкілі лауазымын атқарды.
1987 жылдан 1991 жылдың соңына дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанға дейін С.Қ. Жаданов КСРО Мемлекеттік статистика комитеті Іс басқармасының жетекшісі болып жұмыс істеді. Республика мен ел алдындағы ерекше еңбегі үшін КСРО Министрлер Кеңесі оған одақтық дәрежедегі дербес зейнетақы тағайындады.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, 1992 жылдың қаңтарынан 1997 жылға дейін Қазақстандағы алғашқы нарықтық құрылымдардың бірі - «Қазақстан Коммерция» өңірлік сыртқы экономикалық қауымдастығының Мәскеудегі өкілдігін басқарды. 1997-2001 жылдар аралығында Мәскеу мен Мәскеу облысындағы қазақтардың қоғамдық ұйымы - «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік етті. 2000-2001 жылдары Ресей Федерациясы Мемлекеттік статистика комитетінің Мемлекеттік есептеу орталығының кеңесші-консультанты болды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Қ.Е. Көшербаевтың шақыртуымен 2003 жылы облыс әкімдігінің жаңадан құрылған Сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінде біраз уақыт қызмет етті. Кейінірек Алматыға оралып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінде аудармашы болып жұмыс істеді.
2004 жылдың басынан бастап мұнай-газ саласының ардагерлері құрған «Мұнайшы» қоғамдық қорының өңірлік үйлестірушісі қызметін атқарды.
Сәбит Қайырұлының ұзақ жылғы еңбек және қоғамдық қызметі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды (10-11 шақырылым), Орталық Комитеттің құрамында болды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және халық шаруашылығы мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. 2005 жылы «Мұнайшы» қоры басып шығарған «Қазақстанның мұнай энциклопедиясы» авторларының бірі ретінде Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сәбит Қайырұлы – 2001 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Зигзаги судьбы» (Тұрақты өкілдің естеліктері) кітабының авторы.
Сондай-ақ, ол «Мұнайшы» қорының өңірлік үйлестірушісі ретінде республиканың танымал мұнайшылары мен геологтарына, еліміздің мұнай-газ саласының ардагерлеріне арналған мақалаларымен түрлі газет беттерінде жиі жарияланып тұрды.
 
Бүгін, 1 мамыр күні, жеке қоры Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақталған қазақ деректі киносының негізін қалаушы Ораз Әбішевтің туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай оқырмандарға оның өмірбаянын тағы бір мәрте еске салғымыз келеді.
Қазақстанның халық әртісі, деректі фильм режиссері Ораз Әбішевтің шығармашылығы еліміздегі киноөнердің пайда болуы мен дамуы тарихымен тығыз байланысты. Ол 1916 жылы 1 мамырда дүниеге келген. 1934 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Семейдегі музыкалық театрға актер болып қабылданды, ал бір жылдан кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі болды.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, келесі жылы Ленинградтағы онкүндікке қатысты. Сол кезеңде, 1934 жылы құрылған Қазақстан кинохроникасы алғашқы қадамдарын жасап жатқан еді. Кинематографистердің алдында республика мен халықтың бейнесін экранда көрсету міндеті тұрды.
Ораз Әбішев театрдан кетіп, жаңа мамандықты игеруге кірісті. Ол көп оқып, үйренді, Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін тәмамдап, Ленинградта іс-тәжірибеден өтті. 1941 жылы «Ленфильм» студиясы Алматыға эвакуацияланған кезде ол да елге оралды. Г. Рошаль, М. Левин, Р. Кармен сияқты кино шеберлерінен тәлім алды.
Режиссер Қазақстанды түгел аралап, киноочерк пен кинопортрет жанрларына ден қойды. Республика мен оның адамдары туралы ондаған фильм, «Советский Казахстан» киножурналының жүздеген нөмірін түсірді. Оны Теміртаудағы құрылыстарда, Жетісу жайлауларында, Балқаш мыс қорыту зауытының цехтарында, Маңғыстауда кездестіруге болатын еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, кинорежиссер И. Верещагин оның шығармашылығы туралы: «Жылдар, онжылдықтар, тіпті ғасырлар өтер, алайда кімде-кім көне қазақ жерінің бейнесі қалай өзгергенін өз көзімен көргісі келсе, өткенді бүгінмен салыстырғысы келсе, Ораз Әбішевтің еңбектерінен көптеген нақты жауап табады, уақытпен саяхат жасаудан терең эстетикалық ләззат алады» деп жазған.
Қазақ деректі кинематографиясын дамытудағы еңбегі үшін Ораз Әбішев Октябрь революциясы орденімен, екі «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Республикасы халық әртісі атағына ие болған, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.
 
Хасаева Зібира 1 мамыр 1931 жылы Атырау облысы (бұрынғы Гурьев), Исатай ауданы (бұрынғы Новобогат) Орпа ауылында дүниеге келген. Әкесі Есмағанбетов Хасай 1916 жылы патша үкіметінің жарлығына сәйкес майдан жұмысына алынған. Есмағанбаетов Хасай асқан тігінші-шебер болған. Анасы Мария үй шаруасымен айналысқан. Зібира Хасаева 1949 жылы Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе оқытушылар институтының физика-математика факультетіне түскен. Оны 1950 жылы бітіріп, Новобогат ауданының орталығындағы Амангелді атындағы орта мектепке мұғалім болып тағайындалады.
1953 жылы Зияда Ижановқа тұрмыс құруына байланысты Қызылорда облысы Жалағаш ауданына көшіп келіп, аудан орталығындағы Сталин атындағы орта мектепте 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет атқарады. Жолдасы - Зияда Ижанов Қызылорда пединститутын бітірген (1950). КСРО және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері. Тереңөзек ауданы «Көкпая» колхозында колхозшы (1941—1946), Гурьев (қазіргі Атырау), Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінде, Қазақстан республикасы ғылым академиясының тарих және этнология институтында, Қазақстан республикасы Президентінің архивінде архивист-аудармашы (1992—2004) қызметтерін атқарған. Қазан 2004 жылдан бастап «Ана-тілі» газетінде тілші, кейін «Өлке» баспасында редактор болып жұмыс істеген.
Хасаева Зібира 1962 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетін сырттай оқып бітірген. З. Хасаева зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, аудан орталығындағы № 201 орыс-қазақ орта мектебінде мұғалім болып, 1992 жылдың маусым айына дейін еңбек еткен. 1992 жылы отбасымен Маңғыстау облысы Ақтау қаласына қоныс аударып, 1993 жылы өмірден өткен.
Зібира Хасаева қай мектепте еңбек етсе де үздік оқытушылардың бірі болған. Ол оқу тәрбие жұмысындағы табыстары үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» значогінің, «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин атындағы медальдарға ие болған және атақты әдіскер-мұғалім атағының иегері» атанған. Сонымен қатар Жалағаш аудандық партия комитеті мен аудандық совет атқару комитетінің дипломымен, облыстық партия комитеті мен облыстық совет атқару комитетінің, облыстық оқу бөлімі мен облыстық кәсіпшілер одағы президуымының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның ұстаздық іс-тәжірбиесі облыс, аудан мектептеріне таратылған.
Зібира Хасаева озық іс тәжірбиесі туралы республикалық, облыстық, аудандық газет, журналдар да көптеген мақалалар жарияланған. Осындай еңбектерімен іс-тәжірбиесі жас ұрпақтарты тәрбиелеуде маңызының зор екендігі көрсетеді.
Зияда Ижанов және Зібира Хасаеваның әулеттік жеке қор құжаттары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне 1998 жылы қабылданды. Ғылыми тұрғыдан ретке келтірілген істің саны 181, олар 1941-2000 жылдар аралығын қамтиды.
Зияда Ижанов ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде қызмет атқарған.
Зияда Ижанов архивтерде қызмет атқарған кезден бастап халқымыздың тарихы мен тағдырына байланысты тың тақырыптарды көтеріп, архивтердің қатпар қойнауында жатқан асыл қазыналарды халықтың игілігіне айналдыруға үлкен үлес қосқан. Зияда Ижановтың елдің өткені мен қазіргі ұрпақты таныстыру мақсатында қилы-қилы тақырыптарды қамтыған мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Заң», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Атырау», «Маңғыстау», «Қазақстан мұғалімі» газеттерімен радио, телехабарларда «Ақиқат» журналында және облыстық аудандық баспасөздерде жарияланып тұрған.
Навигация
Тоқта сыбайлас жемқорлық
ҚР 'ОМА' РММ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 'Адалдық алаңы' жобасы аясында, азаматтардың сенімін арттыру мақсатында, барлық сұрақтар бойынша архив пайдаланушылары архивтің шұғыл байланыс телефонына хабарласа алады:
Директордың орынбасары: Жылысбаева Марзия Ганиевна.
телефон:8(727)2720334
мобильный:8(701)4816169
Яндекс.Метрика Разработка и поддержка сайта - cga.kz